Жемқорлардан қайтарылған 1,9 млрд теңге: Арқалықтағы ЖОО ғимараты жөндеуден өтті

Қайтарылған активтер қаржысы Арқалықтағы университетті реконструкциялауға жұмсалды

Жемқорлардан қайтарылған 1,9 млрд теңге: Арқалықтағы ЖОО ғимараты жөндеуден өтті
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда жемқорлардан қайтарылған ақшаға Арқалық қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ғимараты реконструкцияланды. Бұл жобаға 1,9 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Университет ғимаратын реконструкциялау жұмысы толығымен аяқталды. Жоба прокуратура органдарының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы аясында Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен іске асырылды.

«Реконструкция нәтижесінде шамамен 2,5 мың студенттің білім алуына, университеттің профессор-оқытушылар құрамының тиімді еңбек етуіне қолайлы әрі заманауи жағдай жасалды. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, білікті мамандар даярлау ісін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Биыл Қостанай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты арқылы 6 әлеуметтік нысанның құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған. Олардың қатарында Арқалық қаласындағы әуежай, аурухана, перзентхана және студенттер жатақханасы, Жітіқара қаласындағы емхана, сондай-ақ Денисов ауданының Перелески ауылындағы дәрігерлік амбулатория бар», - делінген прокуратура хабарламасында.

Қайтарылған активтер қаражаты есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысы Қостанай облысы прокуратурасының бақылауында.