Қарағандыда қоғамдық тәртіпті күзетуге жасанды интеллектпен жабдықталған робот-ит шықты (ВИДЕО)

Автор: Дәулет Ботагөз

Заманауи әзірлеме Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралар барысында нақты жағдайда сыналып, өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеді

Фото: Polisia.kz

Қарағанды облысы Қазақстанда алғаш рет бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған қызметтік робот-итті пайдаланған өңір атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Заманауи әзірлеме Металлург күніне арналған мерекелік іс-шаралар барысында нақты жағдайда сыналып, өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеді. 17–18 шілде күндері Балқаш және Теміртау қалаларында өткен мерекелік іс-шараларға 115 мыңнан астам адам қатысты. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды облысы полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет атқару режиміне көшіріліп, қоғамдық тәртіпті күзетуге мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Іс-шаралардың басты жаңалығы – жасанды интеллект жүйесімен жабдықталып, полицияның ақпараттық дерекқорларымен толық ықпалдастырылған қызметтік робот-ит болды. Ол нақты уақыт режимінде полицияның іздеуінде немесе бақылауындағы адамдарды бет-бейнесі арқылы автоматты түрде анықтай алады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу, күдікті тұлғаларды жедел анықтау және полицияның әрекет ету тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа технология алғашқы сынақтың өзінде нақты нәтижесін көрсетті. Қызмет барысында робот-иттің көмегімен төрт құқық бұзушы анықталды. Олардың қатарында алимент төлеуден жалтарып жүрген бір азамат, мемлекет алдындағы берешегі бар екі борышкер және сот белгілеген шектеуді бұзып, тұрғын үйінен тыс жерде жүрген бұрын сотталған азамат болды. Барлық анықталған тұлғаға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берді. Мыңдаған адам жиналған мерекелік алаңдарда адасып кеткен 87 бала қысқа уақыт ішінде табылып, олардың барлығы аман-есен ата-аналарына тапсырылды. Адасып кеткен балалардың жасы 3 пен 17 жас аралығында болды. Жасанды интеллект пен роботтандырылған технологияларды полиция қызметіне енгізу – құқық қорғау органдарының цифрлық трансформация жолындағы маңызды қадамдарының бірі. Мұндай инновациялық шешімдер қоғамдық тәртіпті қорғаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.