Синоптиктер бірқатар өңірде нөсер жаңбыр мен бұршақ жауса, оңтүстік өңірлерде 48 градусқа дейін аптап ыстық болатынын ескертті
Жексенбі, 19 шілде күні Қазақстан аумағының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Синоптиктер бірқатар өңірде нөсер жаңбыр мен бұршақ жауса, оңтүстік өңірлерде 48 градусқа дейін аптап ыстық болатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамы бойынша, атмосфералық фронталды бөліктердің әсерінен республиканың көптеген облысында күн күркіреп, жаңбыр жауады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерінде күндіз қатты нөсер жаңбыр жауып, түнде және таңертең тұман түседі. Батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірінде күндіз бұршақ жауып, дауылды жел күтіледі. Оңтүстікте жел күшейіп, арты шаңды дауылға ұласуы мүмкін. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ғана жауын-шашынсыз, ашық ауа райы сақталады.
Жексенбі күні күндіз еліміздің 12 өңірінде аптап ыстық қауіпті деңгейге жетеді. Синоптиктер ыстықтың қарқындылығына қарай өңірлерді жіктеп көрсетті.
Синоптиктердің болжамынша, бірқатар өңірде ауа температурасы климаттық нормадан жоғарылап, қатты ыстық күтіледі. Түркістан облысында ауа температурасы аномальді түрде +45…+48°С-қа дейін көтеріледі. Жамбыл облысында күндіз +43…+45°С ыстық болады. Алматы мен Жетісу облыстарында термометр бағаны +40…+45°С көрсетсе, Ұлытау облысы, сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының оңтүстігінде ауа температурасы +40…+42°С-қа дейін жетеді.
Маңғыстау облысының оңтүстігі мен орталығында күндіз ауа температурасы +38…+42°С-қа дейін көтеріледі. Қызылорда облысында ыстықтың қарқыны артып, термометр бағаны +40…+44°С көрсетеді. Ал Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында, Алматы облысының шығысы мен Жетісу облысының таулы аудандарында ауа температурасы +35…+39°С аралығында сақталады.