СҚО-да жүкті әйел көз жұмды: жақындары бұған қираған тас жолды кінәлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Марқұмның туыстары жедел жәрдем көлігінің тас жолдың нашарлығынан 1,5 сағаттан астам уақыт бойы жүруге мәжбүр болғанын айтты

Фото: Azattyq Rýhy

Солтүстік Қазақстан облысында шұғыл ауруханаға жеткізілгеннен кейін қайтыс болған жүкті әйелдің өліміне байланысты тергеу басталды. Марқұмның туыстары жедел жәрдем көлігінің тас жолдың нашарлығынан 1,5 сағаттан астам уақыт бойы жүруге мәжбүр болғанын айтады. Қайғылы жағдайдан кейін билік мәселелі жолды жөндеуге уәде берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға СҚО-ның Жамбыл ауданында болған. Туыстарының айтуынша, 3 шілде күні кешке аяғы ауыр 34 жастағы Дарима Сағдиеваның кенеттен денсаулығы сыр беріп, есінен танып қалған. Үйіне шұғыл түрде медицина мамандары шақырылған.

Марқұмның жолдасы Азамат Сағдиев егер әйелін ауруханаға уақытында жеткізгенде, оны аман алып қалуға болатынына сенімді.

«Түнгі сағат 12-де жедел жәрдеммен аудандық аурухана орналасқан Пресновка ауылына қарай жолға шықтық. Мен өз көлігіммен соңдарынан еріп отырдым. Жүргізуші өте баяу жүрді, бірнеше рет тоқтады. Себебін сұрағанымда, әйелімнің әрбір соққы мен шұңқыр сайын ауырсынудан айқайлап жатқанын айтты. Айымжан ауылының тұсында бізді екінші жедел жәрдем — реанимобиль күтіп алып, әйелімді соған ауыстырды. Қирап жатқан жолмен 37 шақырымды 1,5 сағат жүрдік. Ауруханаға жеткізгенімен, таңғы сағат 4-те әйелімнің көз жұмғанын хабарлады», — дейді күйеуі.

Дәрігерлердің мәліметінше, жолда келе жатқанда әйелдің жүрегі екі рет тоқтап қалған. Өлімге жатырдың жарылуы және ішкі қан кету себеп болған. Іштегі сәбиді де құтқару мүмкін болмады.

Марқұмның әкесі Марат Рахметов бұл оқиғаның отбасы үшін орны толмас ауыр соққы болғанын жеткізді. Дарима оның жалғыз перзенті еді. Ол ауылда мұғалім, мектеп директорының орынбасары болып қызмет атқарған және жерлестері арасында үлкен сый-құрметке ие болған. Қазір артында екі титімдей баласы қалды. Оларға аналарының қазасы әлі айтылмаған, тек «іссапарға кетті» деп түсіндірген.

СҚО Полиция департаменті адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жақындары тек дәрігерлердің әрекетіне ғана емес, науқасты тасымалдауға кедергі болған жолдың жағдайына да құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғадан кейін өңір басшылығы Пресновка — Қайранкөл автожолын жөндеуге басымдық берілетінін мәлімдеді. 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесовтің айтуынша, жолды жөндеу жұмыстары үш кезең бойынша жүзеге асырылады: бірінші кезеңде Қайранкөлден Украинское ауылына дейінгі учаске жөнделеді, оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мердігерді анықтау жұмыстары жүргізілуде; екінші кезең Украинское ауылынан Благовещенкаға дейінгі аралықты қамтыса, үшінші кезең Благовещенкадан Пресновкаға дейінгі жол учаскесін қамтиды.

Қазіргі уақытта марқұмның туыстары бір ай ішінде дайын болатын сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.