«Бізбен келіспеді»: «Қайрат» футбол клубы Канье Уэстің Орталық стадионда болатын концертіне қатысты мәлімдеме жасады
Олар мұндай мәлімдеме жасауға әлі ерте дейді
Бұған дейін ашық ақпарат көздерінде 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтетіні туралы ақпарат тарады. «Қайрат» ФК концерттің ұйымдастырушылары бұл шараның күнін командамен келіспегенін мәлімдеді. Себебі дәл осы стадионда «Қайрат» өз алаңындағы матчын өткізеді және қазір еурокубок жарыстарындағы өнерін жалғастырып жатыр екен, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері Орталық стадионда Қазақстан чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізуге тиіс. Сонымен қатар 11–13 тамыз аралығында клубтың еурокубоктағы әлеуетті өз алаңындағы кездесуі өтуі мүмкін.Мұндай ауқымды концертті өткізу сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатуды және бөлшектеуді талап етеді. Сондай-ақ бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіреді. Тығыз спорт күнтізбесі жағдайында мұның барлығы алаң сапасына, стадионды ресми матчтарға дайындау процесіне, белгіленген талаптарға сай ойындарды өткізу мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал», - деп хабарлады «Қайрат» футбол клубы.
«Қайрат» ФК Орталық стадионда кез келген бұқаралық шараны өткізу бекітілген футбол күнтізбесін міндетті түрде ескере отырып және барлық мүдделі тараппен келісілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтеді. Тиісті келісім толық аяқталғанға дейін клуб 14 тамыз күні өтеді деп жоспарланған концерттің Орталық стадионда ұйымдастырылатыны туралы ақпаратты жариялауды ерте деп санайды.