Рахман қайнарына апаратын жол жөнделіп жатыр: «ҚазАвтоЖол» туристерді сабырға шақырды
Соңғы күндері туристер қиындыққа тап болған
Шығыс Қазақстандағы ең танымал туристік бағыттардың бірі – Рахман қайнарына апаратын жол жөнделіп жатыр. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» жолшылардың жұмысына кедергі келтірмеуге және уақытша қозғалыс тәртібін сақтауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы тасжол жаңарып жатыр. Компанияның мәліметінше, құрылыс аяқталған соң бұл бағытпен жүру әлдеқайда қауіпсіз әрі жайлы болмақ.
Жолдың тар таулы бөлігінде асфальт төселіп жатқандықтан, күн сайын сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылған. Ал туристік маусымның қызғанын ескеріп, жүргізушілер үшін 12:00 мен 13:00 аралығында жолдан өтуге қосымша мүмкіндік те берілген.
Алайда соңғы күндері жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақта келеңсіз жағдайлар көбейіп жатқан көрінеді. Кейбір демалушылар жол жөндеушілерді балағаттап, қорқытып, арнайы техниканың жұмысына кедергі келтіруге дейін барған. Тіпті қозғалысты реттеп тұрған қызметкерлерге күш қолдану деректері де тіркеліпті.
«ҚазАвтоЖол» мұндай әрекеттердің жол құрылысының қарқынына кері әсер ететінін айтады. Жөндеу жұмысына кедергі көбейсе, уақытша шектеулер де ұзаққа созылуы мүмкін.
Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» күш қолдану, қорқыту, қорлау немесе жол құрылысына кедергі келтіру Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін де ескертті.