Көрме екі күнге созылады
Қазақстанда «Jańa Dala/Green Day ‘2026» халықаралық мамандандырылған көрме-көрсетілімі өтіп жатыр. Бұл еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең ірі оқиғалардың бірі. Екі күн бойы ауыл шаруашылығы техникаларының, жабдықтарының, тұқымдарының, өсімдіктерді қорғау құралдарының, агрохимияның, цифрлық шешімдер мен асыл тұқымды мал шаруашылығының әлемдік және қазақстандық жетекші өндірушілері мен өнім берушілері бүгінгі таңда республиканың ауыл шаруашылығының болашағын айқындайтын жаңалықтарын ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Jańa Dala/Green Day» мерейтойлық 10-шы көрмесі Астанаға таяу орналасқан «Ақтық» агрофирмасы» акционерлік қоғамының көрсетілім алаңдарында өтіп жатыр.
Алаңы жағынан бұл республикадағы ең үлкен көрме.Тікелей экспозиция аумағынан басқа, ол демокөрсетімдерге, топырақ өңдеуге, жол талғамайтын көліктердің сынақ-драйверлеріне және техника шоуына арналған кең кеңістікті қамтиды.
Іс-шараға әлемнің 26 елінен келген ауыл шаруашылығы кәсібінің өкілдері қатысады, сондай-ақ Франция, Нидерланды және Беларусь сияқты мемлекеттер өздерінің елдік павильондарын орнатты.
200-ден астам компания өз өнімдері мен технологияларын ұсынады, ауыл шаруашылығы және басқа техникалар мен жабдықтардың 500-ден астам түрі қойылған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұл ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтар мен шаруашылықтар үшін үлкен мүмкіндік дейді.
«Қазір диқандар егін жинау науқанына дайындалып жатыр. Тамыз айында орақ науқаны басталатындықтан, техника мен қажетті жабдықтарды алдын ала әзірлеу аса маңызды. Бүгінгі көрмеде Қазақстанда өндірілетін ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылып жатыр.Мемлекет тарапынан да қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Соның бірі – жеңілдетілген дизель отыны. Биыл егін жинау жұмыстарына 402 мың тонна жанармай бөлінді. Оның бағасы жанармай құю станцияларындағы нарықтық бағадан шамамен 15 пайызға төмен болады», - дейді Азат Сұлтанов.
Вице-министр осындай ауқымды көрменің басты мақаты диқандарды ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілермен, сондай-ақ элиталық тұқым сататын компаниялармен тікелей байланыстыру дейді.
«Мұндай кездесулер жаңа серіктестік орнатып, өзара тиімді келісімдер жасауға мүмкіндік береді.Бүгінгі көрмеге Франциядан келген қонақтар мен Нидерландтың елшісі қатысып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленді. Қазір осы бағдарлама аясында диқандар мен фермерлерге жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Бұл қаржы асыл тұқымды мал сатып алуға және шетелдің заманауи технологияларын енгізуге бағытталған. Басты мақсат – озық тәжірибені Қазақстанға әкеліп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыру», - деді ол.
Көрмеге Қазақстан бойынша рекордтық 89 бас асыл тұқымды бұқаларды конкурсқа қойылды. «Jańa Dala / Green Day 2026» дала күні ауқымды мәдени-көріністік бағдарламасымен ерекшеленеді.
Көрмеге келгендер заманауи тракторлардың, егіс кешендерінің, бүркітшілердің, топырақ өңдеу техникалары мен ауыл шаруашылығы дрондарының жұмысын тікелей дала жағдайында көріп, олардың өнімділігі мен тиімділігін бағалайды.