Қазақстанның 10 өңірінде аптап ыстық +48 градусқа дейін жетеді

Автор: Алмас Ерсін

17 шілдеде елдің бір бөлігінде аптап ыстық күшейсе, енді бірқатар өңірде найзағай, бұршақ пен дауылды жел күтіледі

Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» синоптиктері 17 шілде, жұма күнгі Қазақстан аумағындағы синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарына болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Болжамға сәйкес, күндіз Атырау, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысында, сондай-ақ Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде және Алматы облысының оңтүстік-шығысында ауа температурасы +35…+39 градусқа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар елдің 10 өңірінде аптап ыстық күтіледі:

  • Маңғыстау және Жамбыл облыстарында +43…+46 градус;
  • Қызылорда облысында +45…+47 градус;
  • Түркістан облысында +45…+48 градус;
  • Алматы облысында +40…+43 градус;
  • Жетісу, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының оңтүстігінде +40…+41 градус.

«Атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Шығыста қатты жаңбыр жауады. Күндіз батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте және шығыста бұршақ түсіп, екпінді жел соғады», – деп мәлімдеді «Қазгидромет».

Жауын-шашынсыз ауа райы тек елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында сақталады.

Синоптиктердің мәліметінше, республика бойынша жел күшейеді, ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Түнде және таңертең елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі.

Сондай-ақ бірқатар өңірде өрт қаупі сақталады.

Өрт қаупі жоғары Маңғыстау, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарында, Алматы облысының батысында, шығысында, оңтүстігінде және орталығында, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында, Атырау облысының оңтүстік-шығысы мен солтүстік-шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, Ақтөбе облысының батысында, шығысында және орталығында, Қарағанды облысының оңтүстігі мен шығысында, Қостанай облысының шығысы мен орталығында, сондай-ақ Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында күтіледі.

Төтенше өрт қаупі Қызылорда, Түркістан облыстарында, Жетісу облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында, Абай облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, Жамбыл, Қарағанды облыстарының батысы мен солтүстігінде, Алматы облысының солтүстігінде, Павлодар облысының оңтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында және орталығында, Қостанай облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының оңтүстігі мен шығысында, сондай-ақ Атырау облысының солтүстік-батысында болжанып отыр.