«Жеңіл ақша»: Астана тұрғыны банк картасын 30 мың теңгеге жалға бергені үшін ірі көлемде айыппұл арқалады
Сот оған қатысты айыптау үкімін шығарған
Елорданың 19 жастағы тұрғыны қосымша табыс табу мақсатында әлеуметтік желідегі «жеңіл табыс» туралы хабарландыруға жауап берген. Кейін интернет-мессенджерлердің бірі арқылы белгісіз адамдар оған сыйақы үшін өз атына банк шотын ашып, оны жалға беруді сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олардың нұсқауын орындап, ол қашықтан өз атына банк шотын ашып, мобильді банк қосымшасындағы логині мен құпия сөзін үшінші тұлғаларға беріп жіберген. Бұл үшін ол 30 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы алып, оны өз қалауына жұмсаған. Кейіннен берілген банк шоты арқылы алаяқтық әрекеттерге байланысты қаржылық операциялар жасалған. Тек содан кейін ғана жас жігіт өзінің банк шоты қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты аудару үшін пайдаланылғанын түсінген. Мемлекеттік айыптаушы сотқа сотталушының кінәсін толық дәлелдейтін жеткілікті дәлелдемелерді ұсынып, олардың негізінде сот айыптау үкімін шығарды.
Сотталушыға 50 АЕК мөлшерінде, яғни 216 250 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.