Білім сайысына 65-ке жуық оқушы мен белсенді жастар қатысқан
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Атырауда жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Eco Quiz» интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылды. Зияткерлік додаға 65-ке жуық оқушы мен белсенді жас қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Жарысқа келген оқушылар мен жастар 13 командаға бөлініп, экология, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және «Таза Қазақстан» бастамасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бірнеше кезеңнен тұрған сайыс барысында олардың білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті мен командада жұмыс істеу дағдылары бағаланды.
Сайысты «Атырау облысы Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған.
«Жарыстың мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғау мәселелеріне қызығушылығын арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаларын дәріптеу», - деп хабарлайды Атырау әкімдігі.
Ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әли Төлегеннің айтуынша, мұндай бастамалар жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға әрі өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етеді.