Астана маңындағы демалыс орнында ер адам бассейнге батып кете жаздады

Автор: Асыл Арман

Оған алғашқы медициналық көмекті сол жерде демалып жүрген тағы бір азамат көрсеткен

Фото: Threads.com/@zhansskaya/Видеодан скрин

Астана маңындағы демалыс аймағында ер адам бассейнге батып кете жаздады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, оны судан демалушылардың өздері құтқарып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында орналасқан Primevill.astana демалыс базасында болған. Оқиға орнынан түсірілген фото мен видеоны Threads әлеуметтік желісінде демалыс орнының келушілерінің бірі жариялаған. Куәгерлердің сөзінше, кешен қызметкерлері зардап шеккен адамға қажетті алғашқы көмекті көрсете алмаған.

«Демалуға келіп едік, осындай жағдайға тап болдық. Балалардың көз алдында адам өлім аузында жатты. Қызметкерлердің салғырттығы таңғалдырды – көмектесе алған жоқ. Медициналық қызметкер жоқ, қызметкерлер тек айналасында қарап тұрды. Жедел жәрдем алып кеткенде ол тыныс алмай, көгеріп кеткен еді. Дәрігерлер аман алып қалды деп үміттенемін», – деп жазды әйел әлеуметтік желіде.

Демалушылардың айтуынша, ер адамға алғашқы медициналық көмекті сол жерде демалып жүрген тағы бір азамат көрсеткен. Ол жедел жәрдем келгенге дейін өзгелердің іс-қимылын үйлестіріп отырған.

«Біз де балаларымызбен бірге сонда едік, көргенімізден қатты шошыдық. Ер адам аман қалса екен. Алғашқы көмек көрсеткен жігітке үлкен алғыс. Қолынан келгеннің бәрін жасады. Жедел жәрдем кеткеннен кейін оның жылап тұрғанын көрдім», – деп жазды тағы бір куәгер.

Расталмаған ақпаратқа сәйкес, ер адам тереңдігі шамамен 1,5 метр болатын бассейнге сүңгіп, соққы салдарынан жарақат алған.

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі агенттікке зардап шеккен адамның №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

«Науқастың жағдайы ауыр деп бағаланады. Ол анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Қажетті ем толық көлемде көрсетіліп жатыр», – деп мәлімдеді басқарма.

Ал Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек Аршалы аудандық полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлады.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.