Жаркентте мектеп оқушысы туған күніне бір күн қалғанда тоқ соғып, көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Ол құлпы салынбаған трансформаторлық қосалқы стансаға кіріп кеткен

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Жаркент қаласындағы мектеп аумағында 9 шілде күні 5-сынып оқушысы электр тогына түсіп, қаза тапты. Қазір аталған дерек бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, қыз бала ойын кезінде құлпы салынбаған трансформаторлық қосалқы стансаға кіріп кеткен. Сол жерде оны тоқ соғып, оқиға орнында көз жұмған. 10 шілде күні марқұм 10 жасқа толуы тиіс болған.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нысанды пайдалану мен оның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейі анықталуда. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдарға жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы нұсқама жолданды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.