Оқыс оқиға 19 мамыр күні болған
Ақтөбе облысында 15 жастағы мектеп оқушысын көршісі зорлады деген күдікпен қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Криминальный Казахстан» мәліметінше, 19 мамыр күні оқушы қыз құрбысымен серуендеуге шығып, кейін оның үйіне барған. Ол үйде құрбысының 22 жастағы ағасы болған. Жәбірленуші оны бала кезінен танитын. Туыстарының айтуынша, дәл сол жігіт қызды зорлаған.
Оқиғадан кейін қыз ешкімге ештеңе айтпаған. Жақындарының сөзінше, күдікті оны өлтіремін деп қорқытқан. Салдарынан қыз бала тұйықталып, біраз уақыт өткен соң ғана болған жағдайды ағасына айтып берген. Ол бірден полицияға жүгінген.
Жәбірленушінің әпкесі күдіктімен бір ауылда қалу қауіпті болғандықтан, қызды қалаға алып кеткен.
Отбасының айтуынша, күдікті әлі күнге дейін бостандықта жүр. Ал қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабы («Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер») бойынша қозғалған. Туыстары істі 120-бап («Зорлау») бойынша қайта саралап, кінәліге әділ жаза тағайындауды талап етіп отыр.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады. Ведомствоның мәліметінше, күдікті анықталған, қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.