Жамбыл облысында ішімдік сатқан кәсіпкер лицензиясынан айырылып, бірнеше млн теңге айыппұл арқалады

Рейдтік іс-шаралар барысында лицензия тоқтатылған кезеңде алкогольдік өнімдерді сақтау фактісі анықталды

Жамбыл облысында ішімдік сатқан кәсіпкер лицензиясынан айырылып, бірнеше млн теңге айыппұл арқалады
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында прокуратураның шектеуін елемей, заңсыз ішімдік саудасын жалғастырған ірі супермаркет лицензиясынан мүлдем айырылып, миллиондаған айыппұл арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Алкогольсіз ауыл» бастамасы іске асырылуда. Атап айтқанда, аудан прокуратурасының үйлестіруімен, сондай-ақ ақсақалдар мен жергілікті тұрғындардың қолдауымен Абай, Базарбай және Байзақ ауылдарында алкогольдік ішімдіктерді сату толығымен тоқтатылды.

Сонымен қатар, алкоголь айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына бақылау күшейтілді. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 200-бабымен 25 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Мәселен, Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен ірі супермаркеттердің бірі тәуліктің тыйым салынған уақытында алкогольдік өнімдерді сатқаны үшін кінәлі деп танылып, ӘҚбК-нің 200-бабы бойынша 432 мың теңге мөлшерінде айыппұл салып, лицензиясының қолданылуын бір ай мерзімге тоқтата отырып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Алайда, енгізілген шектеулерге қарамастан, рейдтік іс-шаралар барысында лицензия тоқтатылған кезеңде алкогольдік өнімдерді сақтау фактісі анықталды.

«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кәсіпорын ӘҚБтК-нің 282-бабының 1-бөлігінің 7) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, лицензиядан айыра отырып, 3 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Қабылданған шаралар мас күйінде жасалған қылмыстар санының 73,4%-ға төмендеуіне ықпал етті. Прокуратура азаматтарды алкогольдік өнімдердің айналымы саласындағы заңнаманың талаптарын мүлтіксіз сақтауға шақырады», – делінген прокуратураның хабарламасында.