Алматыда қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық істі қараған

Фото: facebook.com/qylmystyq.soty

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі аталмыш соттың судьясы Кеңшілік Әбділдиновтің коронавирустан көз жұмғанын хабарлады. Ол реанимация бөлімінде қайтыс болған. 

«Алматы қалалық соты, Соттар әкімшісі, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты атынан әріптесіміз, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбділдинов Кеңшілік Кеңесұлының қайтыс болуына байланысты жұбайына, отбасына, туған-туысқандарына, жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Үлкен қайғы. Жарқын бейнеңіз әрқашан есімізде», - делінген хабарламада.

Кеңшілік Әбділдинов 1963 жылдың 28 қазанында дүниеге келген.

1990 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1992 жылы Әділет органдарында,

2000 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратында қызмет атқарған.

2003 жылдан Алматы облыстық сотының судьясы;

2013 жылдан бастап Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы болды.