Синоптиктер еліміздің бірқатар өңірінде қатты ыстық пен найзағай ойнап, дауыл тұратынын ескертті
«Қазгидромет» РМК мамандары 12 шілдеге арналған ауа райының жалпы болжамын жариялады. Жексенбі күні республиканың батыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ал батыс өңірлерде түнде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі және дауыл тұруы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Тек еліміздің солтүстік, оңтүстік және шығыс бөлігінде ғана жауын-шашынсыз ашық ауа райы болмақ. Республика бойынша желдің күшеюі, ал батыс пен солтүстікте түнде және таңертең тұман түсуі болжанып отыр.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық күшейеді. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Жетісу мен Абай облыстарында ауа температурасы +35…+43°C-қа дейін көтеріледі.
Ал Маңғыстау және Ұлытау облыстарында, Жетісу облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, Қостанай мен Қарағанды облыстарының оңтүстігінде, Ақтөбе мен Атырау облыстарының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Алматы облысының солтүстігі мен орталығында аптап ыстық +40…+45°C-қа дейін жетеді.
Күннің күрт ысуына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде өрт қаупі жоғарылайды. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау, Жетісу, Атырау, БҚО, Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Абай облыстарының бірқатар ауданында жоғары өрт қаупі сақталады.
Сонымен қатар, Жетісу, Абай, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде төтенше өрт қаупі жарияланды. Мамандар тұрғындарды табиғат аясында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, от жақпауға шақырады.