Өңірде «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр
Жамбыл облысында полиция қызметкерлері үш күн ішінде Жол жүру ережелерін бұзудың 3 177 дерегін тіркеді. Тәртіп сақшылары бұл күндері көшедегі қауіпсіздікке, оның ішінде жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндегендердің әрекетіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірде «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Рейдтердің басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жүргізушілерге жолдан өту кезінде адамдарға басымдық беру қажеттілігін ескерту.
Үш күндік тексерістің қорытындысы бойынша заң бұзған жүздеген тұрғын жауапкершілікке тартылды. Жолдан өту ережелерін және қауіпсіздік талаптарын бұзған 760 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл орта есеппен тәулігіне 250-ден астам ереже бұзушы деген сөз. Жаяу жүргіншілер өткелінде адамдарға жол бермеген 127 автокөлік жүргізушісі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары көбіне ауыр зардаптарға әкеп соғады. Сондықтан жүргізушілер өткелдердің алдында жылдамдықты азайтуы тиіс, ал жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерден кесіп өтіп, тасжолға кенеттен шықпауы керек», — деп ескертеді полиция департаменті.