1989 жылғы науқас келіншек тікұшақпен облыс орталығына жеткізілді
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ экипажы мен санитарлық авиация бригадасы бірлесіп, Ақтоғай ауданынан Павлодар қаласына шұғыл ұшу сапарын орындады. Жедел медициналық көмекке мұқтаж 1989 жылғы науқас келіншек тікұшақпен облыс орталығына аман-есен жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметтерге сүйенсек, науқастың денсаулық жағдайы күрт нашарлаған соң, оны тасымалдау үшін арнайы авиация көмегіне жүгіну туралы шешім қабылданған. Ұшу уақытында науқасты санитарлық авиацияның білікті мамандары бақылап отырды. Әуе кемесінің бортында маршрут бойы оның денсаулық көрсеткіштері тексеріліп, қажетті медициналық көмек көрсетілген.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы әр минуты санаулы, уақыт тығыз жағдайларда шалғайдағы елді мекендерден науқастарды медициналық мекемелерге жедел жеткізуді тұрақты түрде қамтамасыз етеді», — деп атап өтті мекеме өкілдері.
Қазіргі уақытта пациент Павлодардағы аурухана дәрігерлеріне тапсырылды.