Олар өздерін «eGov қызметкері» ретінде таныстырған
Семейде интернет-алаяқтар жасы 90-ға жақындаған қарияны алдап, 2,5 млн теңгесін үптеп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Семейде 87 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз адам WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған. Банк шотын «қорғау» және алаяқтық әрекеттердің алдын алу сылтауымен ол зейнеткерді көрсетілген нөмірге 2,5 млн теңге аударуға көндірген.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Абай облысы Полиция департаменті ескертеді: мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ешқашан ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейді. SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және құпиясөздерді ешкімге бермеңіз. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банкке немесе тиісті ұйымға ресми нөмір арқылы өзіңіз хабарласыңыз», – делінген ПД хабарламасында.