«Ойымыз бен мұратымыз бір»: Рауан Кенжехан өзге партияларға қатысты пікірін білдірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол партияның ешкіммен жарысатын мақсаты жоқ екенін атап өтті

Фото: Azattyq Rýhy

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі аясында саяси кеңес мүшесі Рауан Кенжехан өзге партиялармен бәсекелестікке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бәсекелес партияларға құрметпен қараймыз. Тағы да айтамын, біз жаңа жолды бастадық және баршаңызды ортақ күреске қосылуға шақырамыз. Біздің мақсатымыз – біреумен жарысу, текетіресу немесе қарсыласу емес. Өйткені бәріміздің ойымыз бен мұратымыз бір бақуатты әрі бақытты Қазақстан құруға үлес қосу. Осы мақсатқа жету үшін біз қоғамдағы өзгерістерге дайынбыз. Азаматтарымызды біріктіретін басты құндылық «Әділетті Қазақстан» идеясы. Сондықтан осы ұстанымды қолдайтын барша азаматты бізбен бірге жұмыс істеуге, ұсыныстарын айтып, ортақ іске атсалысуға шақырамыз», – деді Рауан Кенжехан журналистерге арналған брифингте.

Еске салсақ, «Әділет» партиясы Құрылтай сайлауына 186 кандидатты ұсынды. Оның ішінде 71 әйел, 115 ер адам бар.