Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде 26 маусым күні жарияланды
Әлеуметтік желіде өзін әскери қызметкер ретінде таныстырған ер адамның адам шошырлық видеосы жарияланды. Онда әскери маман «Дикий Арманның» белгісін көрсетіп, жол ережесін өрескел бұзғанын байқауға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген азамат жауапкершілікке тартылды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 2-бөлігі («Жалған ақпаратты орналастыру, тарату») бойынша кінәлі деп танылған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Айта кету керек, 26 маусым күні @egovpress Telegram-арнасында жарияланған бейнематериалдарда азамат өзін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі ретінде көрсетіп, әскери қызметтің беделін түсіретін мәліметтер таратқан. Қорғаныс министрлігі жүргізген тексеру нәтижесінде аталған азаматтың әскери қызметке қатысы жоқтығы және бұған дейін Қарулы Күштерде немесе өзге де әскери құралымдарында қызмет атқармағаны анықталды. Тексеру материалдары ішкі істер органдарына жолданып, оның нәтижесі бойынша азамат жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызмет пен Қарулы Күштердің беделін түсіретін жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.