2026 жылғы 10 шілдеден бастап бұл жүйе жалпы ұзындығы 525 шақырым болатын тағы бес учаскеде іске қосылады
Қазақстанда 10 шілдеден бастап республикалық тасжолдардың тағы бес учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының алдын алудың тиімді шараларының бірі – автокөлік жолдарында көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау. Бұл тәсіл қауіпті маневрлердің, жылдамдықты күрт арттырудың алдын алып, жүргізушілердің бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауына ықпал етеді.
2025 жылғы 17 наурыздан бастап орташа жылдамдықты бақылау республикалық маңызы бар ақылы автожолдардың жалпы ұзындығы шамамен екі мың шақырымды құрайтын сегіз учаскесіне енгізілген.
2026 жылғы 10 шілдеден бастап бұл жүйе жалпы ұзындығы 525 шақырым болатын тағы бес учаскеде іске қосылады: Ақтөбе – Қандыағаш, Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл, Астана – Теміртау және Астана - Щучинск автожолдарының қосымша учаскелері.
Сонымен қатар қазіргі уақытта жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңімен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылуда.
«Орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудегі басты мақсат – жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау екенін ерекше атап өтеміз. Статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Барлық жол жүрісіне қатысушыларды белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият әрі жауапты болуға шақырамыз. Жолда үнемделген бірнеше минут адам өмірінен қымбат емес. Жол қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!» – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.