Өңірлерден келген делегат мүшелері ой бөлісті
Астанадағы Тәуелсіздік Сарайында «Әділет» саяси партиясының кезектен тыс III съезі өз жұмысын бастады. Бұл ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам делегат, облыстық филиалдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар қоғамдастығы мен шақырылған қонақтар қатысуда. Съездің күн тәртібінде партияның сайлауалды бағдарламасын бекіту, кандидаттардың партиялық тізімін мақұлдау және ұйым жарғысына өзгерістер енгізу сияқты маңызды мәселелер тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынның кулуарында сөз алған партияның белсенді мүшелері мен Саяси кеңес өкілдері қоғамды толғандырған өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлары туралы ой бөлісті.
«Әділет» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Ирина Тен өзі қандай бастамалар көтеріп, қай мәселені шешкенін жеткізді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының өзі философия екендігін жеткіздік. Қолға алынған, жоспарланған жұмыстар, әрине, өте көп. Оған жету үшін уақыт та керек, мамандар да керек. Енді өздеріңіз де білесіздер ғой, тал ексең, ол ертең, ертеңгі күні бірден өсіп шықпайды, жапырағын жайқалтпайды. Сондықтан бізге де осы жобалардың барлығын сәтті іске асыру үшін еңбек керек болады, төзімділік керек болады. Уақыт ең басты міндет болып отыр. Біздің дайындаған жобаларымыздың жүзеге асуын және нәтижесін көрсету, ол нәтижені көзбен көріп, қолмен ұстай алатындай болуымыз керек деп ойлаймын. Медиа саласында жұмыс жасағаннан кейін сөз бостандығы және авторлық құқық мәселелері де мені қатты ойландырады. Сондықтан, осы жолда да жұмыс істейміз», – Ирина Тен.
«Жаңа адамдар» қозғалысынан «Әділет» партиясының Саяси кеңесіне қосылған Мейіржан Ғарифолаевтың сөзінше, съезде маңызды тақырыптар талқыланады.
«Осы жиынға барлық өңірден Саяси кеңес мүшелері жиналып, жас әкімдермен бірге маңызды шаруаларды шешуге келіп тұрмыз. Депутаттық тізімге ену-енбеу мәселесіне келсек, егер халыққа өзімнің пайдам тиетін болса, әрине, ол тізімге енсем қуанышты боламын. Бірақ мен үшін тізімге ену немесе енбеу бірінші орында емес және оған қатты мән бермеймін. Менің басты мақсатым «Әділет» партиясының құндылықтарын көрсетіп, халыққа жеткізу және халық пен мемлекет арасындағы алтын көпірді нығайта түсу, мемлекетке қызмет ету. Осыған дейін өздеріңіз білетіндей, менің негізгі бастаған салам энергетика саласы болды. Бірақ соңғы төрт жыл көлемінде жаңа адамдар, жастар қозғалысында сарапшы ретінде қызмет етіп, оның негізін қалаушылардың бірі болдым. Негізгі жұмысым жастармен байланыс орнату, мемлекетіміздегі өзекті әлеуметтік проблемалардың түп-тамырын тауып, олардың шешілу жолдарын іздестіру», – деді Ғарифоллаев.
Оның айтуынша, өзі осы төрт жыл бойы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып келеді.
«Жастар қоғамдық бірлестігіміз әртүрлі мәселелерді, соның ішінде әскери саланың да түйткілдерін көтеріп жатыр. Ең көрнекті кейстеріміздің бірі ретінде жанымыздағы «Шабыт» университетінің мәселесін айтуға болады. Қар еріп, жаңбыр жауған кезде ғимарат төбесінен су ағатыны белгілі. Бұл тек инфрақұрылымдық қана мәселе емес, бұл жерде адамдардың осындай олқылықтармен келіспей, өзінің азаматтық пікірін білдіруі және сол мәселені ашық көтере алуы өте маңызды», – деді ол.
Ал съезге Ақтөбеден келген Жаңалық Ақаш ұзақ уақыт қоғамдық жұмыстармен айналысып, тұрғындардың мәселесін көтеріп келе жатқанын айтты.
«Осы тәжірибе барысында адамдарды толғандыратын ең басты сұрақтардың бірі – әділдік екенін анық байқадым. Әділдік заңның үстемдігінен, ашық шешім қабылдаудан, азаматтардың пікірін тыңдаудан және әркімге тең мүмкіндік беруден басталады. Мен үшін партияға мүше болу – атақ немесе мәртебе емес, жауапкершілік. Бұған дейін де халықпен бірге жұмыс істедім, ал енді осы жұмысты партияның мүмкіндіктерімен ұштастырып, азаматтардың мәселесін жүйелі түрде шешуге өз үлесімді қосуды мақсат етемін. Ең бастысы – партияның атауы ғана емес, оның қоғамға берер нақты нәтижесі. Мен өз жұмысымда әрдайым халықтың сенімін ақтауға, ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстануға тырысамын», – деді ол.
Съезге Алматы қаласынан арнайы келген заңгер, адвокат Ғалымжан Саржанов бүгінгі жиыннан тек жақсылық пен оң өзгерістер күтетінін жеткізді. Ол халықтың бірлігі мен заң үстемдігінің маңызына тоқталды.
«Қазақтың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөзі бар ғой. Бұл жиыннан біз елдің тағдыры мен болашағын, жарқын ұрпаққа заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ететін жаңа кезеңді күтеміз. Өзім қорғаушы, адвокат болғандықтан, осы күнге дейін Алматы қаласында партиялық бағдарлама аясында халыққа құқықтық көмек көрсетіп келдім. Бұдан бөлек те әртүрлі бастамаларға үлес қосып, қолдау көрсетіп жүрмін. Ал депутаттық тізімге ену мәселесіне келсек, оны уақыт көрсетеді, кішкене сабыр етсеңіздер, жақында өздеріңіз де көріп, білесіздер. Болашақта атқарылатын жұмыстарға тоқталсам, мен заңгер ретінде еліміздегі сот жүйесі мен құқық қорғау саласында заңның үстемдік құруын ең басты мақсат деп білемін. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ғой. Мен де өз кезегімде заң мен тәртіпке ғана бағынатын әділетті қоғам құру идеясын әрдайым бастамашы етіп көтере беремін», – деді алматылық делегат.
Еске салсақ, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қоғамдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілі саналатын қазақстандықтардың бастамасымен құрылды. 2026 жылғы 7 мамырда Астана қаласында партияның құрылтай съезі өтті. 2026 жылғы 1 маусымда заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді.