Ақтөбе облысында байланыс мұнарасы дүкенге құлап, үш адам зардап шекті

Автор: Асыл Арман

Байғанин ауданында төтенше жағдай жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ауданның бір ауылында екпінді жел байланыс мұнарасын дүкеннің үстіне құлатып, салдарынан үш адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде Қарауылкелді ауылынан түсірілген фото және бейнематериалдар тарады. Кадрларда дауылды желдің салдарынан байланыс мұнарасының құлағаны, ғимараттардың шатыры мен сырты бүлінгені көрінеді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қатты жел салдарынан металл байланыс мұнарасы жеке тұрған бір қабатты дүкеннің шатырына құлаған. Зардап шеккен үш адам аудандық ауруханаға жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Оқиға орнында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жедел авариялық-құтқару жұмысын жүргізді. Сондай-ақ табиғат апаты бірнеше нысанға зақым келтіріп, электр энергиясы мен ұялы байланыс жұмысына іркіліс туғызған.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасымен ауданға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов шұғыл барып, зақымданған нысандарды аралап, қалпына келтіру барысымен танысты және төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша Байғанин ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Комиссия келтірілген шығынды бағалау, зардап шеккен нысандардың тізімін жасау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелерін қарастырды.

Қазіргі уақытта апаттық бригадалар аудан орталығында электрмен жабдықтау мен ұялы байланысты қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр. Барлық төтенше және коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.

«Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында. Оның тапсырмасымен арнайы комиссия дереу ауданға келді. Ең бастысы – адамдар аман, қауіпсіз жерде. Заңнамаға сәйкес барлық зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі, ешкім қолдаусыз қалмайды. Қазір біздің міндетіміз – табиғи апаттың салдарын мүмкіндігінше қысқа мерзімде жою», – деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.

Облыс әкімдігі тұрғындарға қажетті көмектің толық көрсетілетінін және қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмысы жалғасып жатқанын мәлімдеді.