Ақмола облысында биыл 2 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылады

Автор: Асыл Арман

Жылдың бірінші жартысында тағы 210 пәтерлік алты тұрғын үйді тапсыру жоспарланған

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында тұрғындарды баспанамен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде жаңа тұрғын үйлер салынып, кезекте тұрған азаматтарға дайын баспаналар сатып алынады. Сонымен қатар білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында ондаған жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылы облыста бюджет қаражаты есебінен жалпы 814 пәтерді қамтитын 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған 20 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жылдың бірінші жартысында тағы 210 пәтерлік алты тұрғын үйді тапсыру жоспарланған. Ал қалған 584 пәтерді қамтитын 13 көпқабатты тұрғын үй жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.

«Тұрғын үй құрылысымен қатар, кезекте тұрған азаматтарды дайын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда. Биыл облыс бойынша сатып алынатын тұрғын үйлер есебінен 1 278 отбасының баспана мәселесін шешу көзделген. Оның ішінде ең көп тұрғын үй Көкшетау қаласында сатып алынса, сондай-ақ Ақкөл, Атбасар, Аршалы, Бұланды, Бурабай, Жарқайың, Қорғалжын және Шортанды аудандарының тұрғындары да баспаналы болады. Қазіргі таңда 187 пәтерді сатып алуға конкурс жарияланған. Оның ішінде Аршалы ауданында – 98, Жарқайың ауданында – 55 және Шортанды ауданында – 34 пәтер қарастырылған. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен тағы 1 091 пәтер сатып алу жоспарланып отыр», – делінген Ақмола облысы әкімдігінің хабарламасында.

Осылайша, тұрғын үй құрылысы мен дайын баспаналарды сатып алу шараларының нәтижесінде 2026 жылдың соңына дейін Ақмола облысында 2 092-ден астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсарту жоспарланған.