Қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында атыс болып, екі адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 9 шілде күні таңертең болған. Интернетте зардап шеккендердің және оқиға орнынан түсірілген фотосуреттер жарияланды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген мәліметіне сәйкес, 9 шілдеде ауруханаға оқ жарақатымен екі жас жігіт жеткізілген.
Аталған дерек бойынша адам өлтіруге оқталу, бұзақылық, сондай-ақ суық қаруды заңсыз алып жүру және өткізу баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.
«Полицейлер оқиғаның алдын ала мән-жайын анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жанжалға қатысушылар анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қаза тапқандар жоқ», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.