Таяу Шығыстағы ахуал: АҚШ Иранның бірнеше ауданын атқылады

Автор: Аягөз Құрмаш

АҚШ Иранға қарсы «бірқатар қуатты соққы» басталғанын жариялады

Фото: istockphoto.com

Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, елдің оңтүстігіндегі бірнеше ауданда жарылыстар болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Иран мемлекеттік телеарнасы оңтүстіктегі Бандар-Аббас портты қаласында алты жарылыс болғанын хабарлады. «Фарс» ақпарат агенттігі оңтүстіктегі Сирик қаласында 10 жарылыс, ал Кешм аралындағы Мисин ауылында тағы төрт жарылыс дыбысы шыққанын жеткізді. Қаза тапқандар немесе зардап шеккендер мен шығындар туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.

Кейінірек АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін үш сауда кемесіне жасаған шабуылдарына жауап ретінде бұл елге «бірқатар қуатты соққы» бере бастағанын мәлімдеді.

CENTCOM бұл соққылар Иранға «елеулі нұқсан келтіруді» көздейтінін атап өтіп, Тегеранды халықаралық сулардағы сауда кемелеріне шабуыл жасады және отты тоқтату режимін бұзды деп айыптады.