Елімізде жапон капиталы қатысатын 68 кәсіпорын бар
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Keidanren делегациясымен қазақ-жапон инвестициялық ынтымақтастығын кеңейту жайын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Премьер-министр Олжас Бектенов Mitsui O.S.K. Lines компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Такеши Хашимото бастаған Keidanren Жапония бизнес федерациясының делегациясымен кездесу өткізді.
Онда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың желтоқсанындағы Жапонияға ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды дамытуға қатысты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Сапар барысында 3,7 млрд доллардан астам сомаға 47 екіжақты коммерциялық құжатқа қол қойылған болатын.
Олжас Бектенов Жапония Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 1,7 млрд доллардан асты. Елімізде жапон капиталы қатысатын 68 кәсіпорын бар. Қазақстандық нарықта INPEX, Marubeni, Sumitomo, Mitsui және тағы да басқа компаниялар табысты жұмыс істеуде.
Қазақстан озық технологиялық елдердің бірі ретінде Жапониямен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. ҚР Үкіметінің жапон әріптестердің қатысуымен жаңа серпінді жобаларды жүзеге асыруға, капитал тартуға, озық технологияларды алуға және өндірістерді локализациялауға қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігі атап өтілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміз ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция сындарлы халықаралық әріптестікке ашық Әділетті әрі Озық Қазақстанды құру бағытын бекітті. Бұл тұрғыда Жапониямен өзара іс-қимыл біз үшін ерекше маңызға ие. Біз сауда мен инвестицияларды кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар экономикаға жаңа технологиялар, заманауи өндірістер мен ұзақ мерзімді құзыреттер әкелетін бірлескен жобаларды іске қосуға мүдделіміз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Mitsui O.S.K. Lines компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Такеши Хашимото Жапония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мол әлеует бар екенін атап өтті.
«Қазақстандағы цифрлық трансформацияның даму қарқыны ерекше әсер қалдыруда. Қазақстан – бұл бағытта табысты ілгерілеп келе жатқан жас мемлекет. Мұнда цифрландыруды дамытуға үлес қосып жүрген жастар өте көп. Біз адами капиталды дамыту, оның ішінде IT және цифрлық трансформация салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлау бағытында Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Жапон компанияларының ұзақмерзімді инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар. Біз цифрлық және логистикалық инфрақұрылымды дамытуда, сондай-ақ «жасыл» технологиялар саласында ынтымақтастықты кеңейтудің зор әлеуетін көріп отырмыз. «Жапония тау-кен өнеркәсібі үшін экологиялық қауіпсіз шешімдерді ұсынуға және Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына өз үлесін қосуға дайын», – деп атап өтті Такеши Хашимото.
Кездесу барысында Орта дәлізді және Каспий теңізінің порттық инфрақұрылымын дамыту, көлік-логистика саласы, энергетика, цифрландыру мен жасанды интеллект, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің әлеуеті атап өтілді. Қазақстан жапондық бизнестің қатысуымен технологиялар трансферіне, өндірісті локализациялауға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.
Айта кетейік, Keidanren – Жапонияның іскер топтарының ең ірі және ықпалды бірлестігі. Федерацияға 1574 компания, 106 салалық қауымдастық және 47 аймақтық экономикалық ұйым кіреді.