Тергеу барысы Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында
Алматыда жолдың дәл ортасында болған жанжал кезінде ер адам кәмелетке толмаған жасөспірімді ұрып жіберді. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кадрлардан Медеу ауданындағы көшелердің бірінде ер адам мен үш жасөспірімнің арасында дау шыққаны көрінеді. Біраздан кейін жанжал төбелеске ұласып, ер адам оң жақта тұрған жасөспірімнің бетінен қатты соққы жасаған. Соққының салдарынан жасөспірім шетке қарай ұшып түседі.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде кәмелетке толмаған жасөспірімге дене жарақатын салу фактісі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында жанжалдың туындау себептері мен оған ықпал еткен жағдайлар зерделеніп, оқиғаға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полиция.
Тергеу барысы Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.