Алдын ала мәлімет бойынша, өрт 0,05 гектар аумақты шарпыған
Павлодар облысындағы «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман өрті шықты. Өрт қысқа уақыт ішінде оқшауланып, тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол берілген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 9 шілде күні сағат 11:50-де түскен. Тілсіз жау Жасыбай орманшылығының 30-кварталындағы аумақта тіркелген. Алғашқы өрт сөндіру жұмысы сағат 12:19-да «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының авиациялық өртке қарсы қызметі мамандарының күшімен басталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт 0,05 гектар аумақты шарпыған. Ведомствоның хабарлауынша, өртті сөндіру жұмысы таулы әрі жартасты жер бедеріне байланысты күрделене түскен. Өрт ошағына арнайы техниканың жетуі мүмкін болмағандықтан, әуеден көмек көрсету туралы шешім қабылданған.
Осыған байланысты Семей қаласынан су төгу құрылғысымен жабдықталған Ми-8 тікұшағы көтерілді. Өрт ошағы шамамен 330 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, тікұшақтың ұшуына бір жарым сағаттай уақыт қажет болған. Соған қарамастан, өрт сағат 14:45-те оқшауланды.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» авиациясы, Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды. Жалпы, жұмыстарға 5 техника мен 40-тан астам маман тартылған.