Үш өңір, 300 мыңнан астам қатысушы: «Кітап оқитын ұлт» жобасы ауқымын кеңейтуде

Автор: Azattyq Rýhy

Жалпы алғанда, жоба үш өңірде 300 мыңнан астам адамды қамтиды

Фото: «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған республикалық бастаманың ауқымын кеңейтуді жалғастыруда. 8 шілде күні жобаға Қазақстанның бірден үш өңірі — Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары ресми түрде қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңір әкімдіктері мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум жобаны жүзеге асырудың жаңа кезеңін ашады.

Меморандум аясында өңірлерде «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонын өткізу, оқу мәдениетін дамыту, оқырмандық бастамаларды қолдаудың заманауи жүйесін қалыптастыру және әр жастағы тұрғындарды кітап оқу қозғалысына кеңінен тарту көзделіп отыр.

Жалпы алғанда, жоба үш өңірде 300 мыңнан астам адамды қамтиды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, спорт саласының өкілдері, отбасылық әулеттер, ата-аналар және білімге, өзін-өзі дамытуға, үздіксіз ізденуге ұмтылатын азаматтар бар.

Осылайша, «Кітап оқитын ұлт» жобасы кітапты білімнің, мәдениеттің және ұлттық құндылықтардың маңызды қайнар көзі ретінде дәріптейтін, әртүрлі буын өкілдерін біріктіретін ірі қоғамдық бастамаға айналуда.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков бірден үш облыстың жобаға қосылуы өңірлердің кітап оқу мәдениетін дамытуға деген жоғары қызығушылығын көрсететінін және бастаманың республикалық деңгейдегі маңызын айқындайтынын атап өтті.

«Бүгінде біз еліміздің барлық өңірлерінде жобаның бірыңғай экожүйесін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің мақсатымыз — кітап оқу мәдениетін жекелеген бастама деңгейінде ғана емес, әр өңірдің білім беру және қоғамдық күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналдыру», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.

Алты айға жалғасатын марафон барысында қатысушылар жоба ұсынған арнайы тізімдегі шығармаларды оқиды. Аталған тізімге отбасылық құндылықтар, тәрбие, көшбасшылық, жауапкершілік және халықтың рухани мұрасы туралы кітаптар енгізілген.

Алдағы уақытта Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында өңірлік жоба кеңселері құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер айқындалады. Сонымен қатар қатысушыларды тіркеу және оқылған кітаптарды есепке алу үшін цифрлық платформа іске қосылады. Жобаға ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындарын тартуға ерекше назар аударылып, бастамаға әрбір отбасының қатысуына мүмкіндік жасалады.

Жобаның бірден үш өңірде қанат жаюы — Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды кезең. «Оқитын ұлт» бастамасы мемлекеттік органдарды, білім беру саласын, технологиялық серіктестерді және азаматтарды ортақ мақсат — кітап оқуды миллиондаған қазақстандықтың күнделікті өмірінің табиғи бөлігіне айналдыру және зияткер ұлт қалыптастыру жолында біріктіруде.