Синоптиктер найзағай, нөсер жаңбыр, бұршақ, шаңды дауыл, екпінді жел және +42 градусқа дейін аптап ыстық болатынын ескертті
9 шілдеде Қазақстанның барлық дерлік өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, елдің бірқатар аймағында найзағай, нөсер жаңбыр, бұршақ, дауыл, шаңды дауыл және екпінді жел күтіледі. Кей өңірлерде ауа температурасы +42 градусқа дейін көтеріледі. Бірнеше облыста төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматыда күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Іле Алатауының таулы аймақтарында, Медеу және Бостандық аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай және екпіні 15–20 м/с болатын солтүстік-шығыс желі күтіледі.
Шымкентте күндіз солтүстік-шығыстан соғатын жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с жетеді.
Ақтөбе облысының солтүстігі, батысы мен орталығында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Күндіз ауа температурасы +35…+36 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының оңтүстігінде күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, таулы аудандарда қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз +35…+36 градус ыстық болады. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысының орталығы мен шығысында күндіз шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын жел 15–20 м/с дейін күшейеді. Ауа температурасы +40…+42 градусқа жетеді. Облыс орталығында төтенше, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың бірнеше ауданында жоғары және төтенше өрт қаупі болжанып отыр.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде және таңертең кей жерлерде тұман болады. Күндіз +35 градус ыстық күтіледі.
Түркістан облысының батысында, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында солтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15–20 м/с жетеді. Ауа температурасы +40…+41 градусқа дейін көтеріледі. Облыста жоғары, кей жерлерде төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз +35…+36 градус ыстық болады. 9–10 шілде күндері өңірдің батысында +40…+41 градус өте қатты ыстық болжанып отыр.
Қарағанды облысының оңтүстік-шығысында таңертең және күндіз солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15 м/с жетеді. Облыстың солтүстігі мен батысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында күндіз +35…+37 градус қатты ыстық күтіледі.
Маңғыстау облысының батысы, солтүстігі мен орталығында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты нөсер және бұршақ болжанып отыр. Солтүстік және солтүстік-батыс желінің екпіні 15–20 м/с жетеді. Күндіз ауа температурасы +38…+42 градус болады.
Атырау облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Оңтүстігі мен шығысында қатты жауын-шашын, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Облыстың батысында жоғары, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ және дауыл күтіледі. Күндіз желдің екпіні кей жерлерде 23–28 м/с жетеді. Облыстың оңтүстік-шығысында жоғары, орталығы мен солтүстік-батысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысының оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Абай облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ және дауыл күтіледі. Солтүстік және солтүстік-шығыс желінің екпіні 23–28 м/с жетеді. Облыстың оңтүстігінде +35 градус ыстық болады, солтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, қатты нөсер, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Күндіз ауа температурасы +35…+36 градусқа жетеді. Облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Шығысы мен таулы аймақтарында солтүстік-шығыс желінің екпіні 23–28 м/с жетеді. Күндіз +35…+36 градус ыстық болады. Облыстың солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысында күндіз +35…+38 градус қатты ыстық күтіледі.