Ал 2007 жылғы елордалық медициналық көмекке жүгінді
Ақмола облысының Бурабай ауданында квадроцикл аударылып, салдарынан 22 жастағы елорда тұрғыны көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне мәлім еткендей, 7 шілде күні Зеленый Бор мен Бурабай кенттерінің арасындағы жол учаскесінде квадроцикл жүргізген Астананың 22 жастағы тұрғыны көлік тізгініне ие бола алмай, апатқа ұшыраған.
Апат салдарынан жүргізуші оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды. Ал квадроциклде бірге отырған 2007 жылы туған елордалық жолаушы медициналық көмекке жүгінді.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында полицейлер апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар квадроциклдерді жалға беру пунктінің қызметі, мотокөлікті жалға беру кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін өзге де жайттар тексерілуде.
Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын квадроциклдер мен өзге де мотокөлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сапар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеріп, қорғаныс құралдарын пайдалану, қауіпсіз жылдамдықты сақтау және пайдалану қағидаларын бұзбау қажеттігі ескертілді.