Сусын ішіп, қоқысты көлігінің терезесінен жол бойына лақтырған
Талдықорғанда желіде хит болу үшін көлік терезесінен шығып, жолға қоқыс лақтырған 19 жасар қыз бен оның серіктестері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері Талдықорған қаласының 19 жастағы тұрғынының автокөлікпен келе жатып, ойын-сауық орындарының бірін жарнамалау кезінде көліктің терезесінен шығып, сусын ішіп, қоқысты жол бойына лақтырған бейнероликті анықтады.
Тексеру нәтижесінде полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық азаматты анықтады. Қыз бала қоғамдық орындарды ластағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ автокөлік жүргізушісі жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны және жол таңбасының талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ұмтылу заң талаптарын бұзуға және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруге себеп болмауға тиіс екенін еске салады. Мұндай әрекеттер қатысушылардың өзіне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіріп, қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмысы қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, сондай-ақ заң талаптарын бұлжытпай сақтауды, қоғамдық тәртіп пен өзара құрметті нығайтуды көздейтін «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрақты түрде жүргізілуде.
Полиция жастарды, блогерлерді және әлеуметтік желі қолданушыларын жариялайтын контентке жауапкершілікпен қарауға шақырады. Айналаңызға үлгі болудың ең дұрыс жолы – лайк пен қаралым үшін қауіпті әрекет жасау емес, заңды құрметтеу, қоғамға және табиғатқа жанашырлық таныту.