F-35 дауы: Израиль АҚШ-тың Түркияға жойғыш ұшақ сатуына қарсылық білдірді

Автор: Аягөз Құрмаш

F-35 мәселесі бойынша оң шешім саммит қорытындысы бойынша қабылдануы мүмкін

Фото: Getty image

Израиль Түркияға америкалық бесінші буындағы F-35 жойғыш ұшақтарын сатуға үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Түркияның агрессивті пиғылы бар. Бұл бейбітшілік пен тұрақтылыққа ықпал ететін күш емес», – деді Нетаньяху CNN телеарнасына берген сұхбатында.

Израиль премьері АҚШ-тың F-35 жойғыш ұшақтарын жеткізуі «Таяу Шығыстағы күштер тепе-теңдігін бұзатынын» тағы да атап өтті.

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні Түркияға қарсы шектеу шараларының күшін жоюды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Биз санкцияларды алып тастағалы жатырмыз. Достарымызға қарсы санкция салғымыз келмейді», – деді Трамп НАТО саммиті аясында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуінде журналистерге.

Америкалық көшбасшы Түркияға америкалық F-35 жойғыш ұшақтарын сату мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ.

«Біз бұл мүмкіндікті міндетті түрде қарастырамыз», – деді ол.

Вашингтон 2019 жылы Түркияның Ресейдің С-400 зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін сатып алуына жауап ретінде санкциялар енгізіп, елді F-35 жойғыш ұшақтар бағдарламасынан шығарып тастаған болатын. АҚШ Конгресі де Анкара С-400 жүйелеріне иелік етіп тұрған уақытта Түркияға кез келген F-35 сатылымына тыйым салатын заң қабылдады. Олар ресейлік жүйе америкалық өндірістегі әскери ұшақтардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеді.

Вашингтон С-400 жүйесінің НАТО жүйелерімен үйлесімсіз екенін атап өтіп, сонымен бірге С-400 бен F-35 жойғыштарын бірлесе пайдалану Ресейге ұшақтардың радиолокациялық байқалмауы және басқа да құпия сипаттамалары туралы деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп қауіптенген еді.

Түркия президенті сейсенбі күні мәлімдегендей, НАТО саммитінің қорытындысы бойынша Анкараға америкалық F-35 жойғыш ұшақтарын жеткізуге қойылған тыйымды алып тастау туралы шешім қабылдануы мүмкін.

«Саммит аяқталғаннан кейін F-35 мәселесі бойынша оң шешім қабылдануы ықтимал. Бұл мәселе бұрыннан күн тәртібінде тұр. Біз оны АҚШ-пен бірнеше рет талқылап, бес F-35 жойғыш ұшағына қатысты кепілдікке қол жеткіздік», – деп толықтырды Түркия президенті.

Ердоған Вашингтонның бұған дейін берген уәделері орындалатынына сенім білдірді.

«Президент Трамп әрқашан берген уәдесін орындайды», – деп атап өтті ол.