«Халық бұрынғыдай сайлау арқылы шешеді»: Конституциялық соттың түсіндірмесіне қатысты пікірлер айтылды

Автор: Асыл Арман

Конституциялық соттың түсіндірмесі қандай да бір тұлғаны автоматты түрде тағайындауды немесе сайлауды білдірмейді

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова мен журналист Армангүл Тоқтамұрат Конституциялық Соттың шулы түсіндірмесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Конституциялық соттың ресми түсіндірмесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан тоқталған жөн деп санаймын. Қазақстан халқы қабылдаған жаңа Конституция елдің құқықтық жүйесінде жаңа кезеңді қалыптастырды. Осыған байланысты Конституциялық сот жаңа конституциялық нормаларды қолдану тәртібіне ресми конституциялық-құқықтық түсіндірме беріп, олардың құқықтық салдарын нақтылады. Бұл түсіндіру тек бір ғана лауазымға қатысты емес, Конституцияда көзделген бірнеше мемлекеттік лауазымға бірдей қолданылады және Негізгі заң нормаларын бірізді қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.

Ол сөзін жалғай отырып, ең бастысы, Конституциялық соттың түсіндірмесі қандай да бір тұлғаны автоматты түрде тағайындауды немесе сайлауды білдірмейтінін тілге тиек етті.

«Сондай-ақ Конституцияда бекітілген бір рет қана тағайындалу немесе сайлану қағидаты өзгеріссіз сақталады. Сондықтан бұл мәселені құқықтық айқындық пен Конституция нормаларын біркелкі қолдану тұрғысынан бағалау маңызды», – деп ЖОО басшысы сөзін қорытындылады.

Өз кезегінде журналист Армангүл Тоқтамұрат кімнің ел басқаратынын халық бұрынғыдай сайлау арқылы шешетінін айрықша атап өтті.

«Конституциялық соттың түсіндірмесі тек мемлекет басшысына ғана емес, сонымен қатар бірқатар басқа лауазымды тұлғаларға да қатысты айтылды. Бұл жерде, маңызды месседж – заңның дұрыс әрі бәріне бірдей қолданылуы. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін қоғамда түрлі пікірлер айтылды. Осы ретте, президент Конституциялық сотқа жүгініп, ресми түсіндірме сұрады. Ал сот өз шешімімен Ата заңның қалай қолданылатынын нақтылап берді. Меніңше, бұл шешім ешкімнің автоматты түрде қайта сайланатынын немесе тағайындалатынын білдірмесе керек. Тек, заңның қандай мүмкіндік беретінін айқындағандай. Ал кімнің ел басқаратынын халық бұрынғыдай сайлау арқылы шешпек. Ең бастысы – Конституция барлық адамға бірдей қызмет етуі керек», – деп жазды Армангүл Тоқтамұрат.