Ол президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы туралы талап Конституцияның өзгертілмейтін қағидаттарының бірі екенін атап өтті
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин өзінің Telegram-арнасында Конституциялық соттың жаңа Конституция нормаларын түсіндіруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Конституциялық Соттың түсіндірмесі жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты туындаған рәсімдік мәселелерге құқықтық жауап беруге бағытталған.
«Атап айтқанда, жаңа Ата Заңның күшіне енуіне байланысты 1 шілдеден бастап конституциялық нормадағы бір реттік өкілеттік мерзім талабы қолданылатын лауазымды тұлғалар тағайындалуға тиіс: Жоғарғы соттың төрағасы, бас прокурор, Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары.Осыған орай «Бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норманы қазіргі іс басындағы лауазымды тұлғаларға қолдану керек пе әлде олардың қайта тағайындалуына мүмкіндік бар ма?» деген сауал туындаған еді. Конституциялық соттың түсіндірмесі аталған мәселеге нақты құқықтық жауапты ұсынады: бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті лауазымдарға тағайындалған адамдарға ғана қолданылады. Құқықтық реттеудің бірізділік қағидатына сәйкес, бір реттік өкілеттік мерзім жөніндегі норма қазіргі президентке де қатысты болады», – деп жазды Ерлан Қарин.
Ол президенттің жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлануы туралы талап Конституцияның өзгертілмейтін қағидаттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Конституциялық соттың түсіндірмесі қандай да бір тұлғаның автоматты түрде қызметке тағайындалатынын немесе сайланатынын білдірмейтінін айтты.
«Конституциялық нормалардың аталған түсіндірмесі қандай да бір тұлғаның автоматты түрде тағайындалатынын немесе сайланатынын білдірмейді. Ол тек тиісті тұлғаның сайлауына немесе тағайындалуына құқықтық мүмкіндігі бар екенін айқындайды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес бүгін мемлекет басшысы бас прокурорды тағайындады. Конституциялық соттың бүгінгі шешімі – жаңа мемлекеттік-саяси модельді қалыптастырумен байланысты ауқымды үдерістің кезекті бір бөлігі ғана. Қазіргі таңда жаңа институттарды іске қосу бойынша жоспарлы жұмыс жалғасуда: Құрылтай сайлауы тағайындалды, саяси партиялар съездерін өткізуде, сондай-ақ «Қазақстан Халық Кеңесі» хатшылығын құру туралы жарлыққа қол қойылды», – деді Ерлан Қарин.