Павлодарда жолаушылар өткелінен өтіп бара жатқан әйелді жедел жәрдем көлігі қағып кетті

Автор: Асыл Арман

Оқиға Павлодар қаласындағы Академик Сәтбаев көшесінде болды

Фото: istockphoto.com

Павлодар қаласында жолаушылар өткелінен өтіп бара жатқан әйелді жедел жәрдем қағып кетті. Оқиға Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Pavon.kz басылымына сілтеме жасап.

Оқиға орнында асфальтта жатқан зардап шеккен әйелдің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Осыған байланысты Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«Оқиға Павлодар қаласында Академик Сәтбаев көшесіндегі бағдаршаммен реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан кезде болды. Реанимобиль қосылған жарық сигналдары мен сиренасымен жолаушылар өткелінен өтіп бара жатқан сәтте әйел адам шығып кеткен. Соқтығысқаннан кейін 103 қызметінің мамандары оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізді. Ал жедел жәрдем бригадасы бара жатқан шақырту басқа топқа берілді. Біз зардап шеккен әйелдің тезірек сауығып кетуін тілейміз», – делінген жедел жәрдем қызметінің хабарламасында.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, жедел жәрдем жүргізушісінің әрекетіне құқықтық бағаны полиция береді. Қазіргі уақытта аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.