Оралда ер адам бөтен үйдің қорасында тұрған айғырды ұрлап кетті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оралда полиция қызметкерлері мал ұрлығын жедел ашты

Фото: БҚО ПД

Оралда ер адам бөтен үйдің қорасында тұрған құны 1,2 млн теңге болатын айғырды ұрлап кетті Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала мәлімет бойынша, түнгі уақытта белгісіз адам қаладағы шағынаудандардың біріндегі жеке тұрғын үйдің ауласынан екі жасар айғырды ұрлап кеткен. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті оқиға орнынан оған мініп бой тасалаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 1,2 миллион теңгені құрады.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол – Орал қаласының 24 жастағы тұрғыны. Күдікті өз кінәсін мойындады. Ұрланған жылқы табылып, заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция ауыл төрт түлік иелерін олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, малды қараусыз қалдырмау, сенімді қоршауда ұстау және мүмкіндігінше жануарларды сәйкестендіру құралдарын пайдалану қажет.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.