«Ақсу мен Екібастұзды үрейде ұстаған»: студенттер мен жұмысшыларды бопсалаған қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Құқық қорғау органдары ауқымды арнайы операция жүргізді

Фото: Видеодан скрин

Павлодар облысында ҰҚК мен полиция ауқымды арнайы операция жүргізді. Жедел уәкілдер Ақсу мен Екібастұз қалаларында қорқыту арқылы азаматтардан жүйелі түрде ақша талап етіп келген қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер  қорқыту арқылы азаматтардан жүйелі түрде ақша талап еткен. Зардап шеккендердің қатарында оқу орындарының студенттері мен ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері бар.

Тінту шаралары барысында ақшалай қаражат, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және іс бойынша дәлелдемелік маңызы бар өзге де заттар тәркіленді. Сондай-ақ күдіктілер пайдаланған автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.

«Бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полиция органдарына 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуіне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығының орынбасары Диас Қадыров.