Сурдо футзалдан Азия чемпионаты 26 маусым мен 5 шілде аралығында өтті
Қазақстан ұлттық құрама командасы Бішкек қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдо футзалдан Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл сында екінші орынды Сауд Арабиясы, ал үшінші орынды Өзбекстан құрамасы алды.
«Біздің командамыз тарихта алғаш рет Азия чемпионы атанды. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өтті. Топтық кезеңде біздің команда Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Оман және Өзбекстан құрамаларымен кездесіп, жеңіске жетті. Ақтық ойында спортшылар Бахрейн құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Жарыс нәтижесі бойынша, Қазақстан командасы 2027 жылы 15-24 қаңтар аралығында Австрияда өтеді XXI қысқы Сурдлимпиада ойындарына жолдама алды. Сонымен қатар, Азия чемпионатында Ислам Құрбанов «Үздік қақпашы» номинациясымен марапатталды», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының әдіскері Арман Амренов.
Айта кетейік, есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдо футзалдан Азия чемпионаты 26 маусым мен 5 шілде аралығында өтті.