Ең көп нәресте Түркістан облысында дүниеге келген
Елорда күні – 6 шілдеде Қазақстанда 448 сәби дүниеге келді. Олардың 223-і – ұл бала, 225-і – қыз бала. Сондай-ақ мереке күні Астанада екі егіз туған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ең көп нәресте Түркістан облысында дүниеге келген. Өңірде 67 сәби туған.
Ал Алматы қаласында 44 сәби өмірге келсе, Шымкент қаласы мен Алматы облысының әрқайсысында 40 нәрестеден дүниеге келген.
Министрліктің хабарлауынша, еліміздегі барлық босандыру ұйымдарында медицина қызметкерлері тәулік бойы жүкті әйелдерге қауіпсіз медициналық көмек көрсетіп, босандыру процесін жүргізіп, ана мен сәбиге қажетті медициналық қызметті үздіксіз ұсынып келеді.
Ведомство жаңа туған нәрестелердің ата-аналарын құттықтап, сәбилерге, олардың аналары мен жақындарына зор денсаулық, бақ-береке және жарқын болашақ тіледі.