Елімізде Астана есімді қанша адам бар? : ресми статистика

Автор: Дәулет Ботагөз

2026 жылғы 1 маусымдағы ресми дерекке сәйкес, бас қалада 1 миллион 674 мың 699 адам тұрады

Фото: © istockphoto.com

Қазақстан халқы айтулы мереке – Елорда күнін атап өтіп жатыр. Осыған орай, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы бас қаланың тыныс-тіршілігіне байланысты қызықты мәліметтер жиынтығын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Статистика мамандарының айтуынша, елімізде бас шаһардың құрметіне қойылған ерекше есімдер де кездеседі. Мәселен, бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша 26 адам Астана есімін иемденген.

2026 жылғы 1 маусымдағы ресми дерекке сәйкес, бас қалада 1 миллион 674 мың 699 адам тұрады. Мегаполисте әйелдер саны ерлерге қарағанда басым. Қалада 884 029 әйел және 790 670 ер азамат тұрады.

Елорда тұрғындарының орташа жасы – 30,9 жасты құраса, халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 78,8 жасқа тең.

Бас шаһар жас балалар мен жас отбасылардың қаласы ретінде белсенді дамып келеді. Өткен 2025 жылдың ішінде мұнда 27,4 мың сәби дүние есігін ашқан. Қазіргі уақытта қалада 18 жасқа дейінгі 545 мың бала (280 мың ұл және 265 мың қыз) бар. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында Астанада 3469-дан астам жаңа неке тіркелді. Қаланың қартаю индексі 22,9-ды құрап отыр (бұл 100 балаға шаққандағы 65 жастан асқан қарттардың үлесі).

Астана – тек әкімшілік орталық емес, сонымен қатар іскерлік мекен. Бүгінде қалада 274 285 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді.

Сонымен қатар, елордада әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де қарқынды дамып келеді. Қалада 18,5 мың құрылыс компаниясы тіркеліп, бұл көрсеткіш бойынша Астана республикада бірінші орында тұр. Қоғамдық тамақтану саласында 6 819 дәмхана мен мейрамхана жұмыс істейді, бұл ел бойынша екінші көрсеткіш. Тұрғын үй қоры 576 мың пәтерге жетсе, тұрақты интернетті 443,4 мың абонент пайдаланып отыр.

Елорда тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуі үшін қала инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта Астанада 31 театр, 35 кітапхана, 24 саябақ және 5 ірі музей қызмет көрсетеді.

Бас қала шетелдік саяхатшыларды да өзіне баурап үлгерген. Тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана Астана мейманханалары 67,9 мың шетелдік туристі қабылдаған. Айта кетейік, бүгінде елордада жоғары деңгейлі 6 бесжұлдызды қонақүй қызмет көрсетеді.