Бурабай тауларында жарақат алған 8 жастағы бала құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

2018 жылы туған ұл бала аяғын қайырып алған

Фото: ТЖМ

Бурабайда құтқарушылар тауда аяғын жарақаттап алған 8 жасар баланың төмен түсуіне көмектесті. Оқиға кезінде оның қасында ата-анасы болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми мәліметке сүйенсек, Ақмола облысындағы әйгілі Бөлектау тауында серуендеп жүрген 2018 жылы туған ұл бала аяғын қайырып алып, өз бетінше төмен түсе алмай қалған. Төтенше жағдай уақытында баланың қасында ата-анасы болғанымен, оларға мамандардың көмегі қажет болды.

Хабар түсісімен оқиға орнына Ақмола облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері дереу жетті.

«Құтқарушылар зардап шеккен балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Осыдан кейін оны таудан қауіпсіз жерге эвакуациялап, жедел жәрдем бригадасына тапсырды», — деп хабарлады ведомстводан.

ТЖМ таулы аймақтарда серуендеу кезінде, әсіресе балалармен бірге болғанда, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және ыңғайлы спорттық аяқ киім киюді ескертеді.