Қаскелеңде бір топ жасөспірім үлкендердің көзінше екі ер адамды соққыға жықты

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар ішімдік ішкен адамды соққыға жыққан

Фото: видеодан скриншот

Алматы облысының Қаскелең қаласында кәмелетке толмаған бір топ жасөспірім көше ортасында екі ер адамды аяусыз соққыға жыққан. Жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қаланың «Оторвановка» деп аталатын ауданында болған. Бейнежазбадан бір топ бала мен жасөспірімнің өзге үлкендердің көзінше екі ер адамды ұрып-соғып жатқанын көруге болады. Бұзақылар олардың арқасынан теуіп, тіпті жерде жатқан сәтте де соққының астына алған. Айта кету керек, зардап шеккен ер адамдар мас күйінде болған.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

«Кәмелетке толмағандар мас күйінде болған ер адамға дене жарақатын салғаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша жасөспірімдердің ата-аналары бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды», - деп хабарлады полициядан.

Сонымен қатар заңды өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдерге түсіндіру және профилактикалық жұмыстары жүргізілді. Оларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, алдағы уақытта мұндай әрекеттерге жол бермеу ескертілді.

Тәртіп сақшыларының сөзінше, соққыға жығылған ер адам арыз жазудан бас тартқан және оқиғаға қатысушыларға ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан.

Құқық қорғау органдары ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың тәрбиесі, мінез-құлқы және қауіпсіздігі үшін тікелей жауапты екенін, ал кез келген заңсыз әрекетке Қазақстан заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетінін еске салады.