Алматыда полициядан самокатпен қашпақ болған блогер ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол жазаға тартылды

Фото: видеодан скриншот

Алматыда жол ережесін бұзып, тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабына бағынбай қашуға тырысқан блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдеу кезінде инспекторлар жол жүру ережесін бұзған электросамокат жүргізушісін байқаған. Алайда жас жігіт тоқтау туралы бұйрықты елемей, қозғалысын жалғастырған және қашып кетпек болған.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде заң бұзушының жеке басы анықталып, ол ұсталды.

Сот шешімімен құқық бұзушыға мынадай жаза қолданылды:

  • Жол жүру ережесін бұзғаны үшін  10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды.
  • Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін сот оны кінәлі деп танып, қосымша 30 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл кесті.