Ақтөбеде бақшада жүрген әйелді қарақұрт шағып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарды

Автор: Аягөз Құрмаш

Дәрігерлер бастапқыда оны жәндік шаққанын анықтай алмаған

Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде жеке ауласында жүріп, аяғынан белгісіз жәндік шаққан тұрғын аурухананың жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулығы күрт нашарлаған әйелді туыстары бірден ауруханаға жеткізген. Науқас қан қысымының көтерілуіне және бел тұсының қатты ауырсынуына шағымданған. Алайда медициналық мекемеде оның нақты неден сырқаттанғанын бірден анықтай алмады. Сипатталған белгілерге қарап, дәрігерлер алғашында оған «остеохондроз» деген диагноз қойып, неврология бөлімшесіне жатқызған.

«Мен неврология бөліміне қоңырау шалып, дәрігермен байланыстыруды сұрадым. Бір емес, бірнеше рет хабарластым. Соңында жүйке жүйесі маманымен ұрсысуға тура келді. Оған: «Сіз дәрігерсіз, мамансыз, қалай байқамайсыз?! Қарақұрт шаққанның барлық белгілері көрініп тұр ғой, ол ауырғаннан бүктеліп жатыр, қан қысымы 200-ге жетті, ал сіздер оны қарапайым палатада ұстап отырсыздар ба?!» дедім. Осы айқай-шудан кейін ғана оны реанимацияға ауыстырды», - дейді зардап шегушінің әпкесі Файруза Фероз.

Жәндіктің улы екенін кеш аңғарған туыстары кейінірек өлі қарақұртты науқастың киімдерімен бірге өртеп жіберген.

Аурухана басшылығы улану белгілерінің бірден білінбегенін алға тартты. Диагноз нақтыланғаннан кейін әйел шұғыл түрде жансақтау бөліміне ауыстырылып, оған арнайы у қайтарғыш егілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.

«Негізінен жәндік шаққан жер қатты ауырып, мазаны алады. Біраз уақыттан кейін ісіну, қызару пайда болып, ауырсыну сезімі күшейеді. Бұл науқаста алғашында ісіну де, қызару да болған жоқ, олар тек динамикалық бақылау барысында ғана білінді. Осыдан кейін барып қарақұрт шағу салдарына қарсы мақсатты әрі тиімді емдеуді бастадық», - деді №1 қалалық көпбейінді аурухананың басшысы Қадырбек Иманбаев.

Дәрігерлердің мәліметінше, бұл  өңірде жыл басынан бері тіркелген қарақұрт шағудың алғашқы жағдайы. Ал көршілес Маңғыстау облысында қазірдің өзінде осындай 23 дерек есепке алынған.