Ол таксиде қызмет еткен
Нью-Йорк полициясы Манхэттендегі БҰҰ штаб-пәтерінің жанында өзін-өзі өртеген ер адамның қайтыс болғанын растады. New York Post басылымының хабарлауынша, көз жұмған азамат 42 жастағы Тибет белсендісі Лобге Рангзен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марқұм танысының айтуынша, Рангзен Тибетті азат ету қозғалысын белсенді қолдап, аймақтағы Қытай бақылауына ашық қарсы шығып жүрген.
Наразылық шарасына белсенді будда монахтарының киімін киіп келген. Ол адам көп жүретін көшеде Тибет туын тротуарға жайып тастап, үстіне от қойған. Кейіннен полиция оқиға орнынан «China out of Tibet» деген жазуы бар плакат тапты.
Жедел жәрдем қызметіне шақырту 2 шілде күні кешке түскен. Ауыр күйік шалған ер адам бірден ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Мәліметтерге сәйкес, Лобге Рангзен АҚШ-та 20 жылға жуық тұрған және күнделікті өмірде Uber жүргізушісі болып жұмыс істеген.