Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру
Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау көрсету шаралары «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі отырысының негізгі тақырыптарына айналды. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиында бизнестің, салалық қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қазақстандық өндірісті дамытуға қажет жүйелі өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отырысты ашқан Айбек Дәдебай жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заңда бекітілген қағидаттар жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын ашу және отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау арқылы экономикада нақты көрініс табуы тиіс.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру. Іскерлік кеңеске қатысушылардың пікірінше, бұл жүйе отандық өндірісті дамыту ісін ынталандыруы тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті өнім өндірісін жолға қою деген сөз.
«Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі мүшелерінің барлық ұсынысы алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында Қазақстанның өнеркәсіптік саясатының Ақ кітабына (White Paper) біріктіріледі. Құжатқа бизнес өкілдерінің бастамалары, сарапшылардың ұсынымдары және оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспары енгізіледі.