Жыл басынан бері 15 есірткі зертханасы жойылды
ІІМ есірткі мафиясының цифрлық желілерін талқандады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің мәлімдеуінше, бірінші жартыжылдықта елімізде жарты тонна тек қана «синтетика» тәркіленіп, 15 жасырын зертхана жойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мамыр айында шетелдік әріптестерімен бірлесіп, Украина аумағында ірі есірткі call-орталығының қызметі жойылып, 11 күдікті ұсталды. Олар Қазақстан азаматтарын есірткі схемаларына тартумен және оларды заңсыз қызметке жұмылдырумен айналысқан.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 7 тоннадан астам есірткі, оның ішінде жарты мың килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Соның нәтижесінде ондаған мың доза есірткі тұтынушыларға жетпей, мыңдаған адамның өмірі сақталып қалды. 15 есірткі зертханасының қызметі жойылып, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Оның ішінде біреуі трансұлттық сипатта.
«Есірткі қылмысының киберкеңістік пен криптовалюта саласына ауысқанын ескере отырып, интернет желісінде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды: «Кибернадзор» жүйесі арқылы заңсыз контенті бар 6 мың сайт бұғатталды; «Антифрод-орталық» арқылы қаржыландыру жүргізілген 9 мың банк картасы бұғатталып, жалпы сомасы 135 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа шектеу қойылды. «Таргетинг-орталығы» құрылды. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңды айналымы саласында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.